Шымкентте алименттен жалтарып жүрген 58 борышкер жауапқа тартылды. Мұндай мәліметті қалалық прокуратураның баспасөз қызметі ұсынды.
Қала прокуратурасы алимент өндіру туралы сот орындаушылар қозғаған атқарушылық іс жүргізулердің орындалу заңдылығына тұрақты түрде талдау жұмыстарын жүргізуде.
Бұл ретте жыл басынан бері прокурорлармен 6 заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсыну енгізіліп, уәкілетті органдармен қаралды.
Нәтижесінде алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлер әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартылуда.
«Жыл басынан 58 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Оның ішінде 18 борышкер әкімшілік қамаққа алу, ал 40 борышкер әкімшілік айыппұл төлеу түріндегі жазаларға тартылды» делінген мәліметте.
Сонымен қатар борышкерге қатысты «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңның мәжбүрлеп орындауға бағытталған шаралардың толық қабылдануы қамтамасыз етілуде. Оның аясында алименттен жалтарып жүргендерді Қылмыстық Кодекстің 139-бабының талаптарына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері алимент төлемеген 3 борышкерге қатысты сот үкімі шығып, оларға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Одан бөлек, борышкерлерге қатысты Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2 қылмыстық іс қаралуда.
Қылмыстық қудалау органдары алимент төлемегендерге қатысты 4 қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.