Түркістан облысының полицейлері заңсыз балық аулау фактісін анықтады. Нақтырақ айтқанда, тәртіп сақшылары Келес ауданы аумағында заңсыз балық аулау деректерін анықтау, алдын алу мақсатында рейдік-профилактикалық іс-шара өткізген.
Кезекті тексеру кезінде полицейлер Сырдария өзенінің маңында балық аулауға арналған «қытай торлармен» заңсыз балық аулап отырған үш ер адамды анықтады. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты.
Браконьерлерден айғақты зат ретінде 3 дана қытай торы, 1 дана мотор және 150-ге тарта балық тәркіленіп алынған.
«Балықтың салмағы 127 келі болатын сазан екені расталды. Бұл дерек ҚР ҚК-нің 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау» бойынша тіркелді. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.