Алматыда орталық клиникалық ауруханасында жатқан 3 науқастан адамның иммундық тапшылық вирусы анықталды. Бұл ақпаратты қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылар растады.
АИТВ (ВИЧ) инфекциясына шалдыққан науқастарды қалалық ЖИТС орталығының мамандары анықтаған.
“Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 20.10.2020 жылғы №140 бұйрығына сәйкес, реанимация бөлімшесінде гемотрансфузия алған пациенттер 30 күннен кейін АИТВ-инфекциясына бақылау талдауынан өтуі тиіс. Алматы қаласының ЖИТС орталығының мамандары Алматы қалалық Орталық клиникалық ауруханасында АИТВ расталған үш жағдайды анықтады”, – делінген хабарламада.
Басқарма мәліметінше, анықталған фактілер негізінде 2 маусымда қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары мен ЖИТС орталығы қызметкерлерінің төрағалығымен комиссия құрылған. Комиссия АИТВ инфекциясының берілу көздерін анықтау бойынша ішкі тергеу жүргізген, яғни донорлар, медицина қызметкерлері және байланыс тұлғалары тексерілген. Нәтижесінде комиссия тексерілгендердің барлығынан теріс нәтиже шыққан.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 13 маусымда комиссия қорытындысын Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне тапсырды. 2023 жылдың 14 маусымында СЭБД Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының мамандарын тарта отырып, орталық клиникалық аурухананы жоспардан тыс тексеруге бастамашы болды. Айта кетейік, тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдайды.