Алдағы жаңа оқу жылында Шымкентте 28 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.
Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қала бойынша 28 042 оқушы 1-сыныпқа барады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы 24 500 бала, 2022 жылы 26 500 бала 1-сыныпқа барған. Яғни, жыл сайын қалада бала саны өсіп келеді. Оның ішінде қазақ тілінде – 21 572, орыс тілінде – 4 125, өзбек тілінде – 2 345 оқушы қабылданып отыр. Ал жалпы бүгінде 246 қала мектебінде 250 мыңға жуық оқушы білім алады. Жүзге жуық мектеп жекеменшік болса, қалғаны мемлекеттік мектептер санатында.
Жаңа оқу жылында қаладағы білім ұйымдары қосымша 48 нысанға артып, жалпы саны 946-ға жетті. Отыз балабақша, он бес мектеп пен бір оқушылар сарайы, сондай-ақ психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес пен психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мекемелері биыл ашылып, білім нысандарының қатарын көбейтті.
Сонымен қатар биыл «Мектепке жол» акциясы дәстүрге сай тамызда емес, одан ертерек басталды. Акция барысында жағдайы төмен отбасыдан шыққан оқушының әрқайсысына оқуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 41 мың теңгеден таратылды. Шымкентте мұндай оқушылардың саны – 53 893 бала. Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясына 2 млрд теңгенің үстінде қаржы бөлінді. Сондай-ақ жаңа оқу жылында 1-4 сыныпта оқитын оқушылар бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылады.
Ал жалпы Қазақстан бойынша жаңа оқу жылында еліміздің мектептерінде 3,9 миллион оқушы білім алады. Оның ішінде 364 мың бала 1-сыныпқа қабылданады. Балалардың 68,2 пайызы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, қазақ тілін таңдаған өңірлер қатарында Шымкент көш бастап тұр.
“Бірінші сыныпқа қабылданушы оқушылар әсіресе, Алматы қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында көп. Сондай-ақ, балалардың мемлекеттік тілде білім алуы бойынша Шымкент қаласы, Түркістан және Алматы облыстары көш бастап тұр” деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Қазақстанда 7,7 мың орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Мектептерде сапалы дайындық пен оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру, сынып-кешендерін қалыптастыру қолға алынуда.
Биыл мемлекет тарапынан әлеуметтік осал санаттағы 450 мыңнан астам балаға қаржылай қолдау көрсетіледі. Осы жылы «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан әрбір білім алушыға берілетін материалдық көмектің ең төменгі мөлшері 40 567 теңгені құрайды.