Шымкентте мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алмақ болған тағы бір тұрғын алаяқтың құрбаны болды. Абай аудандық полиция басқармасына жергілікті жердің тұрғыны арызданды. Оның айтуынша, екі айдан бергі танысы Шымкент қаласынан мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып беремін деп, 500 мың теңге ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп алған.
Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктіні бір тәулік ішінде қала аумағынан қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 47 жастағы тұрғыны болып шықты, жұмыссыз.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті әйелдің бұған дейін бірнеше алаяқтық жайтына қатысы бар екендігі анықталып, сотты болғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.