Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов әкімшілік-іскерлік орталықтағы тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын тексерді.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, әкімшілік-іскерлік орталығында 9 қабатты үйлердің құрылыс жұмыстары қарқын алған. Бұған дейін No 9,10,11,12 тұрғын үйлердің құрылысы мерзімінде аяқталмағаны үшін әкімдік тарапынан жауапты мердігер мекемелерге ескертулер беріліп, айыппұл салынған болатын. Бүгінде олқылықтық орны толтырылып, жұмыстар аяқталуға жақын.
Қала басшысы аталған орталықтағы бірнеше нысанда болып, құрылыс барысын тексерді. Оның ішінде әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 9 қабатты No 13,14,15,16 тұрғын үйлер құрылысы мен аталған аймақтың солтүстік беткейіндегі 21,5 га жерде бой тіктейтін жаңа көпқабатты үйлердің инженерлік жүйелерін тарту жұмыстарын қадағалап, тапсырманың тиісті мерзімде орындалу қажеттігін атап өтті.
«Шымкентте 49 мыңға жуық азамат баспана кезегінде тұрғанын ескеретін болсақ, тұрғын үй құрылысын дамытуға бар күш жігерімізді салуымыз қажет”,-деді Мұрат Әйтенов.
Дәл осы орталықта 4 автомобильге арналған өрт сөндіру депосы мен қосымша ғимараттың құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жер телімінің жалпы ауданы – 1,2 га.
Қала әкімі өрт сөндіру депосының құрылысымен де танысып, жұмыс барысын тексерді. Тиісті басқарма мен мердігер мекеме басшыларына сапаны қадағалай отырып, ғимараттың мерзімінен кешіктірілмей берілуін тапсырды.
Құрылыс жұмыстары биыл басталған болатын. Жоспарға сәйкес ғимарат келесі жылы аяқталып, пайдалануға беріледі.