Шымкенттік жүргізуші жол апатын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен. Салдарынан бірнеше тұрғын газсыз қалған.
Жол-көлік оқиғасы туралы полицейлерге 29 маусым түскі сағат 13:30 шамасында жергілікті тұрғындардан шағым түскен. Олар белгісіз автокөлік тізгіндеушісі көшедегі газ құрылғысын соғып, оқиға орнынан кетіп қалғанын айтқан. Жол-көлік оқиғасынан соң бірнеше жеке тұрғын үй уақытша газсыз қалған.
Жедел басқару орталығының бейнебақылау испекторлары іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында жол-көлік оқиғасына кінәлі ГАЗ- 3302 автокөлігінің жүргізушісін анықтады. Ер адам бүгін, 4 шілде қала аумағында ұсталды.
Аталған жайтқа қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 611-бабы 2-бөлігі (жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұзып, өзi қатысушы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы) бойынша хаттама толтырылды. Көлік айыптұраққа жеткізілді.
Жинақталған материалдар сотқа жіберіліп, ал газ компаниясына келтірілген материалдық шығын сот тәртібімен көлік жүргізушісінен өндірілетін болады.