Базарда көкөніс сатып, нәпақа тауып жүрген шымкенттік әйел таныстарын алдап соққан.
Полицияға арызданған жәбірленушінің бірі алаяқтың құрбаны болғанын жеткізген. Оның айтуынша, танысы мемлекеттен өтеусіз грант алуға көмектесемін деп уәде берген.
Бизнес идеяларын жүзеге асыруға қаражат ұтып алуды көздеген жәбірленуші танысына жарты миллион теңгеден астам ақша берген. Алайда араға уақыт салып танысы уәдесін орындамай, арызданушымен араласудан қаша бастаған.
Жедел уәкілдер күдіктіні ұстады. Ол көкөніс базарында сауда жасайтын 38 жастағы әйел азаматы болып шықты. Алаяқтық жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
“Тергеу барысында күдіктінің алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен тағы екі адам анықталды. Келтірген залалдың жалпы сомасы 1 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жіберілді “,- деді тергеуші Данияр Жамбұлов.