Шымкентте балалар дәрігерлері 14 жастағы қыздың бауырынан ұзындығы 9 см жететін эхинококк құртын алып шықты. Жасөспірім осы жылдың 21 тамыз күні ауыр халде қалалық балалар ауруханасына түскен. Іш ауруы симптомы мазалаған баланы ата – анасы қабылдау бөліміне әкелген.
Дәрігерлер пациентті рентген, компьютерлік томография тексеруінен өткізіп, бауыр тұсынан эхинококк кистасын анықтаған. Жедел түрде науқасқа ота жасалған.
“Эхинакокк кистасы анықталған соң баланы отаға дайындадық. Операцияны 22 тамыз күні жасадық. Баланың бауырына лапароскопия аппаратымен, яғни, ота тіліксіз жасалынды. Операция кезінде 9,4 см және 8,1 см көлемді эхинакокк құрты шықты. Бала отадан кейін реанимацияда бақылауда болып, келесі күні палатаға ауыстырылды”-дейді дәрігерлер.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аурухананың білікті балалар хирург дәрігерлері Ержан Байдуллаев, Қайрат Ізбасов және Асанбай Курманалиев, Гүлжан Айдинованың қатысуымен ота сәтті өтті. Науқастың қазіргі жағдайы жақсы. Дәрігерлер пациентті үйіне шығаруға дайындауда.