Шымкентте өжет өрт сөндіруші 50 литрлік газ баллонды отқа оранған үй ішінен алып шықты.
«101» басқару пультіне 16 тамызда сағат 14.11-де Қайнарбұлақ саяжайы Садовая көшесіндегі жеке тұрғын үйде өрт орын алғандығы туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер аумағы 120 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйдің шатыры толығымен жанып жатқандығын, сондай-ақ үйдің ішінде газ баллон бар екендігін анықтаған.
Тез арада №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Нұрсұлтан Абдукадиров жанып жатқан үй ішінен 50 литрлік газ баллонды қауіпсіз аймаққа алып шықты.
Өрт 14.36-да оқшауланып, 14.54-те сөндірілді. Қызыл жалынды сөндіруге Өрт сөндіру қызметінің 11 қызметкері мен 2 бірлік техникасы, апаттар медициналық орталығы филиалының бригадасы жұмылдырылды.
Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Өрттің себебі анықталуда.