Абай облысында ұрланған көлік бірнеше күннен кейін Жамбыл облысынан табылды. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 8 желтоқсанда Абай облысы Шар қаласының 62 жастағы тұрғыны полицияға жүгінген. Оның айтуынша, сағат 16:00 шамасында белгісіз адам оның “Chevrolet Cobalt” маркалы көлігін ұрлап кеткен.
Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 200-бабы 1-бөлігімен (Автокөліктi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйым із иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Көлік құралының деректері көрсетілген бағдарлар барлық Полиция департаменттеріне жолданған.
Жамбыл облысының полицейлері “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” республикалық маңызды автожолының 347 – шақырымында бағдарда көрсетілген сипаттамаға сәйкес келетін “Chevrolet Cobalt” маркалы автокөлігін тоқтатты.
Тексеру барысында 33 жастағы жүргізушінің көлік құралын басқаруға тиісті құжаттары жоқ екендігі және көліктің Шар қаласынан ұрланғандығы анықталды.
Қазіргі таңда Меркі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Абай облысы Полиция департаментіне істi өткiзу бойынша құжаттар жинауда.