Алты жасында аяқ астынан бақилық болған кішкентай бүлдіршіннің ата-анасы енді кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Олардың айтуынша, тергеу амалдарының нәтижесіз болуына тергеушілердің жиі ауысуы кінәлі. Бұл аздай, оқиға болған жерді сол үйдің иесі адам танығысыз қылып өзгертіп, басқа біреуге сатып жіберген. Енді бұл жерді қайта тексеру мүмкін емес, дейді күйінген ерлі-зайыптылар.
Айяның анасы Әлия Нәубетова былтыр көктемде туыстарының үйіне ауызашарға барған. Сол үйдің балаларымен бірге ойнап жүрген Айя аяқ астынан токқа түскен. Оқиғаны көзбен көрген балалар қыздың газ құбырын ұстап алғанын, содан кейін есінен танып қалғанын айтады. Бүлдіршіннің токтан қаза тапқанын жедел жәрдем қызметкерлері де растапты. Болған жағдайды қайта тексерген дәрігерлер оқиғаның қалай болғанын сұрапты. Сол кезде не болғанын көзбен көрген балалардың бірі газ құбырын ұстап, ол да токқа соғылған. Бірақ дәрігерлер сол заматта алғашқы медициналық көмек көрсетіп, құтқарып алған. Осыдан кейін бұл әлдебір қуат көзінен келіп тұрған техникалық ток деген тұжырым жасапты. Бірақ оның газ құбырына не үшін жалғанғанын ешкім тап басып айта алмайды.
— Бірнеше адамның өлімімен аяқталған ауыр қылмыстың өзі бір жылда тергеліп, қылмыскерлер тиісті жазасын алатын. Бірақ біздің басымыздан өткен қайғылы оқиғаға нүкте қойып беруге полиция асығар емес. Біздің ақшамыз жоқ, қарапайым тұрғынбыз. Мені қынжылтатыны — бәрі көз алдымызда болды. Енді осыны тергеп, токтың қайдан келгенін әлі күнге тап басып айта алмай отыр. Оқиға болған үйдің иесі сол жердің астаң-кестеңін шығарып, бәрін өзгертті де үйін басқа біреуге сатып жіберді. Алладан менің қызымның өліміне кінәлі адам табылса екен деп дұға қыламын. Сот-дәрігерлік сараптаманың жасалғаны көңілімді жұбатады. Өйткені олар істі сылтауратып жауып тастай алмайды, — дейді марқұм бүлдіршіннің күйінген анасы Әлия Нәубетова.