Түркістан облысы Сарыағаш ауданында таңғы 04:30 шамасында үйінің қорасында тұрған 4 бас жылқысын ұрлатып алған ер кісі полицияға арыздаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгені құрады. Бұл жайтты полицейлер тез арада тіркеуге алды.
Жедел-тергеу тобы ақпарат алысымен оқиға орнына шығып, жедел шараларды жүргізді. Орын алған мал ұрлығы қылмыстарын ашу, күдіктілерді ұстау мақсатында тәртіп сақшылары қарқынды қызмет атқарды. Жан-жақты іздестіру нәтижесінде күдіктінің ұрлаған жылқыларды жасырып отырған орны анықтады. Содан соң күдікті ретінде жергілікті тұрғын, яғни 46 жастағы ер адам ұсталды. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркелді.
«Бұл істі полицейлер толығымен аяқтап, сотқа жолдады. Нәтижесінде сот шешімімен күдікті ер азамат 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.