Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметі Алматы қаласының прокуратурасымен бірге Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстан азаматтарын заңсыз өткізу арнасының жолын кесті.
Шекарашылар «Боран» арнайы бөлімшесін қолдана отырып өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Орта Азия елдерінің бірінің жалған төлқұжатын ұсынған шетелдік азаматты 1,5 мың АҚШ доллары сомасындағы ақшаны алу кезінде ұстады.
Өткізілген тінтудің нәтижесінде бірнеше қазақстандық ұйымдардың мөрлері, 20 ауғандық төлқұжат, туу туралы куәліктер мен Қазақстан азаматтығы мен елде тұруға ықтияр хат алуға, тіркелуге және елде болу мерзімін ұзартуға негіз болатын басқа да құжаттар алынды.
«Аталған факт қылмыстық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 394-бабы 1-бөлігі (Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша тіркелді» делінген Шекара қызметі таратқан мәліметте.
Ұсталған адам Алматы қалалық Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.