Қостанайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің өкілдері өңірдегі бағаны тұрақтандыру бағытында қантты бөлудің қылмыстық схемасын әшкереледі. Белгілі болғандай, қант өнімін арзан бағада сатып алған кәсіпкерлер оны қараша халыққа 100% қымбатқа сатып келген.
«Әкімдік пен «Тобыл ӘКК» АҚ қызметкерлері қант тапшылығын пайдалана отырып, оны облыстың тұрақтандыру қорынан 420 тг/кг жеңілдік құны бойынша кезектен және нормадан тыс таңдап алған кәсіпкерлерге берген. Ал кәсіпкерлер бұл үшін әкімдік пен ӘКК қызметкерлеріне сыйақы ретінде 100-ден 500 кг-ға дейін қантты үлестірген» делінген ведомства мәліметінде.
Арзан бағадағы қантқа қол жеткізген кәсіпкерлер пайда көру мақсатында тауарды халыққа 10%-дың орнына 100% үстеме бағамен сатқан. Ал тұрақтандыру қорының қойма меңгерушісінің жеке гаражын тексеру барысында 900 кг қант табылып, тәркіленген. Алынған тауар қорға қайтарылды.