Қарағандыда такси жүргізушісін өлтірген күдікті тәулік ішінде ұсталды. Полицейлерге 27 қазан күні сағат 17.00 шамасында Учительская көшесінде бірнеше пышақ жарақаты бар 59 жастағы азаматтың мәйіті табылғандығы туралы хабарлама түсті. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Жәбірленушінің такси жүргізушісі екені анықталды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес іс қозғалды. Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралары барысында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 25 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол жол ақысын төлеу кезінде жүргізушімен келіспеушілік туындап, салдарынан пышақ жарақатын салғанын мойындаған. Кейін күдікті көлікті айдап кетіп, теміржол өткелінің жанына тастап кеткен. Қылмыс қаруы ретінде пышақ тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.