Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ұлының мектеп формасы үшін қанша ақша жұмсағанын айтып, тіпті түбіртектерін де ұсынды. Оның айтуынша, бір баласының мектеп формасына 36 мың теңге кеткен. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.
«Ұлым мемлекеттік мектепте оқиды және оқу жылына басқа ата-аналар сияқты дайындаламыз. Жексенбі күні ұлым екеуіміз дүкенінен 36 000 теңгеге жейде, костюм, шалбар және галстук сатып алдық. Түбіртектен заттардың құнын және оның жалпы сомасын есептеп көруге болады. Сондай-ақ, мектеп формасынан бөлек шамамен 20 мың теңгеге портплед сатып алынғанын да байқауға болады» деп жазды министр.
Асхат Аймағамбетов өз жазбасында бүгін Үкімет отырысынан кейін журналистер ұлына мектеп формасын алу үшін қанша қаражат жұмсағанын сұрағанын атап өткен. Тілшілерге берген жауабын растау үшін желі парақшасында түбіртектерді қоса жариялаған.
Бір түбіртектегі сома 26 мың теңге деп көрсетілген. Оған пиджак, шалбар жейде алыныпты. Екінші түбіртекте – 10 мың теңгеден жоғары. Бұл қаржыға тағы бір жейде мен галстук сатып алынған. Жалпы сомасы 36 мың теңгеден асады. Ал портплед шамамен — 20 мың теңге.
Сонымен қатар министр өз жазбасында ұлы былтырғы мектеп формасын биыл да киетінін айтқан.
«Бұрын сатып алынған мектеп формасы барын да айтқым келеді. Яғни, балам былтырғы киімдерін биыл да киеді» деп жазды ол.
Айта кетейік, биыл мемлекет тарапынан әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасылардың балаларына қаржылай көмек беріледі. Яғни, әр баланың мектеп формасы үшін бюджет есебінен 37 мың теңге қарастырылған.