Оқиға Түркістан облысы Шардара ауданында болған. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, ол Өзбекстан елінен Қазақстанға көшіп келген. Белгісіз біреу Қазақстан азаматтығын алып беретінін айтып, қызметі үшін 125 мың теңге алған.
Өзбекстан азаматы алаяқтың сөзіне сенген. Алайда уәде берген ер адам не ақшасын қайтармаған, не құжатын жасамаған. Осы мәселенің түйінін шешу мақсатында жәбірленуші азамат полицейлердің көмегіне жүгінді.
«Аталған жайт ҚР ҚҚ-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды. Жедел-іздестіру жұмыстары жүргізіліп, күдікті деп танылған адам анықталды. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда» деп атап өтті Түркістан облысының Полиция департаменті.
Күдікті шет елден енді ғана қоныс аударған азаматтың төлқұжатының жоқтығын біліп, өз арам ойын жүзеге асырған. Ал ақшаны бас пайдасына жаратқан.