Олардың айтуынша, тауар бағасын ұстап тұруға барлық жағдай жасалса да, қымбатшылық қарқыны бәсеңдер емес. Мысалы, тауарөндірушілер мен сауда орталықтары арасында жергілікті өнімді қымбаттатпау туралы меморандумға қол қойылған. Яғни, үстеме баға 15% аспауы тиіс. Бірақ олай емес секілді. БҚО прокурорлары да бұл мәселені ұдайы бақылап отыратынын мәлімдеді:
— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының себепсіз қымбаттағаны анықталды. Мысалы, қанттың шекті бағасы 307 теңге екендігіне қарамастан, «Алтын Алма» базары 600 теңгеден, «Мирлан» базары 550 теңгеден, «Ел Ырысы» базары 650 теңгеден сатып жатыр. Тағамның басқа түрлері де осылай қымбататған. Бұл аздай, сатушылардың бәрінде тауарды қандай бағамен сатып алғаны туралы құжат жоқ. Арадағы сауданың ашықтығына осы кедергі, — дейді БҚО прокуратурасының аға прокуроры Айбек Асылбеков.
Ал БҚО әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов бау-бақша өнімдері пісіп, егін орағы аяқталған соң, жергілікті шаруалардың өз өнімін қала базарларына арзан бағамен жеткізетінін айтады:
— Қазір күллі әлемде азық-түлік бағасының қымбаттағаны байқалып отыр. Бұған санкциялардың да салқыны тиді. Әлемдік нарықтың бір бөлшегі болғандықтан, бұл өзгерістердің бізге де кері әсері бар. Дегенмен қазіргі мақсатымыз өзімізде өндірілетін өнімдердің бағасын тұрақтандыру, — дейді шенеунік. Бірақ мамандар жүргізген мониторинг кезінде өзге тауарларға қосылар үстеме 23% екені белгілі болды. Апта сайын жүргізілетін мониторинг кезінде картоп, сәбіз, қырыққабат пен пияздың негізсіз қымбаттағаны анықталыпты.
— Көтерме сатып алушылар қойған бағада біраз алшақтық бар. Бұл шамамен 160-200 теңге аралығында. Мысалы, көтерме саудада картоптың 1 келісі 170 теңгеден сатылса, сауда орындары бұл өнімді 308-320 теңгеден сатып жатыр. Арадағы алыпсатарлардың табатын пайдасы 200 теңгеден кем емес. Өнімнің өзімізде өндірілетіні, сондықтан жол шығыны жоқ екендігін ескергеннің өзінде, олар ауадан ақша жасап отыр. Енді жергілікті сауда орындары алыпсатарлардың жәрдемінен бас тартып, өндірушілермен тікелей байланыс орнатуы тиіс, — дейді БҚО кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанна Бекқалиева.
БҚО тұрақтандыру қоры комиссиясының мүшелерінің айтуынша, аймақтағы сауда орындарында отандық өнімдер тым аз. Кез-келген дүкенде тауар түрі толып тұрғанымен, бәрі де шеттен әкелінген. Бірақ БҚО әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов кәсіпкерлерге бүкіл жағдай жасалғанына қарамастан, бағаның үздіксіз шарықтай беретініне қынжылып, қымбатшылықтың себебін түсінбейтінін жеткізді:
— Мемлекет кәсіпкерлік нысандарын салуға қаржы бөледі, бүкіл инфрақұрылымын реттеп береді, жылыжайлардың тез іске қосылуына жағдай жасайды. Бірақ жағдай өзгермейді. Помидордың бағасы 1 950 теңге! Етті ауылдықтар киләсін 1950 теңгеге сатады, ол еті қалаға келгенше 2 800 теңгеге қымбаттап кетеді. Бұл не масқара? Адамдардың пайда тапқысы келетінін түсінемін. Бірақ бұлай баю дұрыс емес. Сондықтан осы мәселені реттемейінше, жағдай өзгермейді, — дейді шенеунік.
Амалы таусылған облыс әкімінің орынбасары қала билігіне ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін апта сайын ұйымдастыруды тапсырды. Шенеуніктердің алыпсатарларға қарсы күресте бұдан басқа амалы қалмаған тәрізді. Өйткені қала орталығынан ашылған жәрмеңкеден тегін орын берілген шаруалар өз өнімін делдалсыз бірден сатуға шығарады.