Биыл екі мыңға жуық адам докторантураға түсуге ниет білдірген. Өтініштерді қабылдау 5-шілде мен 5-тамыз аралығында жүргізілген. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігіндегілер хабарлады.
Ведомства мәліметінше, оқуға түсу үшін бір ғана жоғары оқу орнын және бір білім беру бағдарламасы тобын таңдауға болады. Емтихан 20 тамызға дейін жалғасады.
Айта кетерлігі, өткен жылдан бастап докторантураға түсу емтиханы электрондық форматта өткізіліп келеді. Үміткерлер компьютерде эссе жазады, докторантурада оқуға дайындық бойынша тест және білім беру бағдарламасының бейіні бойынша емтихандар тапсырады.
«Түсу емтихандарының бірінші кезеңі жоғары оқу орындарында сұхбаттасу форматында жүргізіледі. Екінші кезеңі тестілеу орталықтары базасында электрондық форматта өтеді. Болашақ докторанттар жоғары оқу орындары бекітетін тақырыптар бойынша эссе жазады. Эссені бағалау, докторантурада оқуға дайындық тесті және бейінді емтихандардың нәтижелері арқылы алынған балдар жинақталып, қабылдау емтиханының қорытынды бағасы шығарылады», — деп атап өтті Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлжан Жарасова.
Жалпы, оқуға түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші 100 балл. Оның ішінде сұхбаттасу – 20, эссе – 10 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30, бейінді емтихан сұрақтары – 40 балл.
Биыл алғаш рет докторантураға түсу үшін шет тілін меңгергендігі туралы сертификаттан бөлек ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификатты ұсыну қажет.
Докторантура бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысына келетін болсақ, 2022-2023 оқу жылына PhD мамандарын даярлауға арналған мемлекеттік грант саны – 1890.
Докторантураға «магистр» дәрежесі және кемінде тоғыз ай жұмыс өтілі бар немесе медициналық мамандықтар бойынша резидентурада оқуын аяқтаған тұлғалар қабылданады.