Қазақстанда өткен жылы 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты 3,5 мыңға жуық ер азамат декреттік демалыс алған. Олардың барлығына мемлекет есебінен әлеуметтік төлем аударылған.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының бас директоры Нұрсұлу Кемел айтты.
«1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты берілетін әлеуметтік төлем ата-ананың біреуіне ғана тағайындалады. Декреттік демалыс аламыз деген ер азаматтарға ешқандай тыйым салмаймыз. Нақты бала күтімімен кім айналысады, оны ата-ананың өздері шешеді», — деді спикер.
Қор директорының мәліметінше, былтыр елімізде 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты 385 мың әлеуметтік төлем тағайындалған. Айта кетейік, бала күтіміне берілетін әлеуметтік төлем мөлшері ата-ананың соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысының 40% құрайды. Егер екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады.