Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұстаған күдікті есірткіні шалбарының қалтасына салғаннан бөлек бірнеше жерге топыраққа көміп сақтаған, оған қоса Телеграм арқылы сатып келіпті. Ер адамнан айғақты зат ретінде 50-ден астам полиэтилен пакетке салынған синтетикалық есірткі алынды.
«Облыстық Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шымкент-Самара тас жолының бойында тоқтатылған «Тойота» автокөлігінде болған жолаушыны тінту кезінде оның шалбарының сол қалтасынан 36 дана сары түсті изолентаға оралған есірткі затына ұқсас ұнтақ тауып, тәркілепті. Сондай-ақ, ұсталған жас жігіттің телефонын қарау барысында «Телеграм» әлеуметтік желісі арқылы есірткі сатумен айналысқаны белгілі болды», -деді ПД баспасөз хатшысы.
Полицейлердің дерегінше, күдікті Түркістан қаласы аумағында «синтетикалық есірткі» салынған орамаларды өзі белгілеген жерге көміп, сол арқылы сатып келген. Сезікті ер азамат тексеру кезінде 15 дана ораманың көмілген орнын көрсеткен. Осылайша шымкенттік күдіктіден ішінде синтетикалық есірткіге ұқсас заты бар 53 дана орама алынып, сот-химиялық сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысына сәйкес тәркіленіп алынған есірткі жалпы салмағы 50 грамнан астам «мефедрон» синтетикалық есірткісі екені анықталды.