Шымкентте алдағы жылыту маусымына орай тозығы жеткен жылу жүйелері жаңартылуда. Тозу деңгейін төмендету мақсатында биыл 19,4 шақырымдық жылу құбырынае ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінге дейін оның 17,8 шақырымы біткен, бұл 92 пайызды құрайды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Соның ішінде, Толстой – Адырбеков көшесінде 357 метр жылу құбыры ауыстырылуда. Бүгінде оның 267 метрі аяқталса, қыркүйек айының соңына дейін толық ауыстырылып бітпек. Жұмыс барысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов тиісті сала басшысына жылыту маусымы кезеңіне дейінгі қажетті шаралардың талапқа сай және уақытылы атқарылуын тапсырды.
«Мегаполистегі жылыту орталықтарының бірі — “Қуатжылуорталық-3” МКК. Шымкент қаласының әкімі нысандарды тексеру барысында аталған мекемеге қарасты 838 шақырымдық құбырдың 80-ге жуығында ақау анықтаған болатын. Қазіргі таңда барлығы толығымен ретке келтірілді. Мекеме жылыту маусымына дайын» делінген әкімдік мәліметінде.