Шымкент әкімі Абай ауданы халқымен кезекті кездесуін өткізді. Жиында аудан басшысы Бұхарбай Парманов ауданның инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу барысы туралы баяндады.
Жоспар бойынша жыл соңына дейін Абай ауданы 100 пайыз ауыз сумен қамтылады. Бұл мақсатта «Құрсай» (Арғымақ) шағын ауданында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал «Нұршуақ», «Батыс», «Жаңаталап» елдімекендерінде құрылыс жұмыстары осы жылы ақталып, электр желісімен қамтылу көрсеткіші де 100 пайызға жетеді деп күтілуде. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауданды табиғи газбен қамту көрсеткіші биыл 91 пайызға жетеді. Осы мақсатта «Көкбұлақ», «Батыс», «Арғымақ», «Ақжар», «Ақтас», «Ақтас-2», «Нұршуақ» елдімекендерінде құрылыс жұмыстар басталған, жыл соңына дейін аяқталады. Ал «Нұршуақ» тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі екен.
27 мың халқы бар «Самал-3» және 6300 тұрғын тұратын «Солтүстік-Батыс» шағынаудандары осы жылы кәріз жүйесімен қамтылады. Қамтылу көрсеткіші 41,4 пайызға жетеді.
Сонымен қатар бүгінгі таңда Абай ауданында 56,5 шақырымды құрайтын 39 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.