Петропавл қалалық соты әлеуметтік желіде экстремистік мәлімдеме жасаған жергілікті екі тұрғынды 5 жылға бас бостандықтарын айыру жазасына кесті. Олар Солтүстік Қазақстанды Ресейге қосуға шақырған.
СҚО сотының мәліметінше, ерлі-зайыптыларға Қылмыстық кодекстің 180-бабы 2-бөлігімен (Сепаратистік әрекет) айып тағылған. Олар бұл мәлімдемесін танымал интернет сервисі арқылы айтқан.
«2022 жылдың 11 желтоқсанында ерлі-зайыпты телекоммуникация құралдарын пайдаланып, «Чат Рулетка» қосымшасы арқылы Солтүстік Қазақстан облысының Ресей Федерациясына қосылуын жақтамайтын басқа тұлғаға ашық түрде Қазақстанның біртұтастығын сақтау тұрғысынан саяси және әлеуметтік тәуекелдерге әкеп соғатын қоғамдық қауіпті мәлімдемелер жасаған», — делінген сот мәліметіде.
Айыпталушылар кінәларын мойындамаған. Бірақ кінәсі іс материалдарымен расталған. Тиісті бейнежазба да тіркелген. Сот үкімімен олар кінәлі деп танылды. Сот ерлі-зайыптыларға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушылар жазаны орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.