Түркістан облысының Жетісай ауданында мақта терімі басталды. Биыл өңірде 80 мың гектарға жуық алқапқа мақта дәні себілген. Жалпы егістік жердің 49 500 гектары шитті мақтаны құрайды. Ерекше күтім мен баптауды қажет ететін техникалық дақылды теру науқаны басталғалы 1074 гектар алқаптың «ақ алтыны» теріліп, 1861,70 тонна өнім алынған. Бірінші терімнің өзінде өнімділік гектарына орта есеппен 18 центнерді құрап отыр. Сала мамандарының айтуынша, биылғы науқанда мақталықтың 80 пайызға жуығын техникамен теру жоспарланып отыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Биыл жетісайлық шаруалар жалпы 49 500 гектар жерге мақта шитін сепкен. Қазігі таңда диқандарымыз мақтаға қажетті агротехникалық шараларды аяқтап, жаппай мақта жинау науқанын бастап кетті. Аудан бойынша 29 673 мың гектар мақталық алқапқа дефоляция жұмыстары жүргізілген. Мақта жинау техникалары, 7 мақта зауыты мен 81 мақта қабылдау пункттері науқанға толықтай дайын тұр»,- деді Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Әбуов.
Аудан бойынша күзгі дала жұмыстарына қатысатын 1897 дана ауыл шаруашылық техникаларының 224-і мақта терімге арналған комбайндар болса, бір ғана Ынтымақ ауылдық округінде 151 ауыл шаруашылығы техникалары мен агрегаттары науқанға сақадай сай тұр.