Түркістан қаласында құрылыс жүргізуші мердігер компания өкілдері өздерінің төл мерекелері – Құрылысшылар күні қарсаңында жергілікті төрт отбасыға баспана сыйлады. Яғни, олар әлеуметтік қолдауға мұқтаж 4 отбасына баспана салып берді. Әр отбасыға ұсынылған үй үш бөлмеден тұрады. Баспаналар қажетті жиһазбен және тұрмыстық техникалармен қамтамасыз етілген.
Әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков қиын жағдайда күн кешіп жүрген жандарды үймен қамтамасыз ету бастамасын көтеріп, құрылысшыларға ұсыныс жолдағанын айтты. Ұсыныс қабылданып, құрылысшылардың кәсіби мерекесінде отбасылардың қуанышы еселеніп отыр.
– Бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Қайырымды болу – адамның болмысына біткен ізгі амал. Маңайыңдағы адамдарға мейірімділік пен ізгілік таныту – адамгершіліктің белгісі. Ал адамзаттың барлығына «бауырым» деп қарау Абайдан қалған өсиет. Осы өсиетке адалдық танытып, бүгінгі игі істің бастамашысы болған қаламыздағы құрылысшылар қауымына шынайы алғысымды білдіремін», – деді құрылысшыларды мерекемен құттықтаған Түркістан әкімі.