Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерді сынның астына алып, оларға өздері басшылық ететін қалалар мен едімекендерде жаяу жүру керектігін тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте айтты. Сонымен қатар Президент өз сөзінде қалалардағы сыртқы көріністің нашар екенін алға тартты.
«Қалаларымыз нашар көрінетіндігін, балалар алаңдарымен жабдықталмағанын мойындау керек. Шетелде болып тұрамыз. Әсіресе Шығыс Еуропада, Балқанда қалаларының бюджеті біршама аз болғанына қарамастан тартымды көрінетін шаһарлары бар. Бұл жұмыс муницииалды биліктің жұмысы да шығар. Дегенмен, екінші жағынан бұл сол жерде тұратын адамдардың да қарым-қатынасы. Бізде қалалықтар өздерінің үйлеріне, көшелеріне және басқаларына қалай болса солай, бей-берекет қарайтындығы сынды проблемалармен бетпе-бет келіп отырамыз. Мұндай жайт елордада да орын алып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі әкімдердің назарын аталған мәселеге аударды.
«Тағы бір айта кететін мәселе – балаларға арналған ойын алаңшалары. Оны қолданудың өзі қауіпті, тіпті қолдануға келмейді десек те болады. Сондықтан әкімдер өздерінің қалаларында, елдімекендерінде жаяу жүруі тиіс. Бұл Астана қаласының әкіміне де қатысты»,-деді Президент.