Шымкентте екі бүлдіршін көпқабатты үйдің 4-ші қабатындағы терезеден құлап кетті. Екі оқиға да бір күнде болған. Балалар ересектердің қарауынсыз қалып қойған екен.
Дағдарыс жағдайда басқару басқармасына 10 тамызда сағат 16.35-те «103» жедел жәрдем қызметінен хабарлама келіп түскен. 2022 жылы дүниеге келген кішкентай қыз №17 шағын ауданындағы 5 қабатты тұрғын үйдің 4-ші қабатындағы терезесінен құлап, дереу ауруханаға жеткізілді.
Ал екінші жағдай туралы хабар төтеншеліктерге сағат 20.35-те келіп түскен. Оқиға “Спорт” шағынауданында болған. 5 қабатты тұрғын үйдің 4-ші қабатындағы терезесінен 2019 жылы дүниеге келген ер бала құлап кеткен. Ол да шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген.
Екі бүлдіршіннің де жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиғаның мән-жайын Полиция департаментінің қызметкерлері анықтауда.
Қалалық ТЖД мәліметінше, жыл басынан бері Шымкентте 6 бала терезеден құлап кеткен. Оның ішінде екі қайтыс болған, 4 бала жарақат алып отыр. Барлық оқыс оқиғаларда бүлдіршіндер ата-анасының қарауынсыз қалған.