Ақмола облысының тұрғыны алаяқтарға оңбай алданып, қомақты қаржысынан айырылды. Әйел азаматы YouTube қосымшасында бірнеше рет “Халық банкі” және “ҚазМұнайГаз” платформаларында ақшалай қаражатты тиімді инвестициялау туралы хабарландыруларға тап болған екен. Қызығушылық танытқан ол өзінің байланыс нөмірін қалдырған. Кейінірек оған белгісіз адам қоңырау шалған. Ер кісі инвестициялық алаңда табыс табу үшін банктік шотына ақша аударуды сұрапты.
Алаяқтың бұл сөзіне сеніп қалған әйел бір айда сауда алаңының шотына шамамен 30 млн теңге аударған. Ол үшін достары мен туыстарынан миллиондаған ақшаны қарызға алған. Сондай-ақ түрлі банктерден несие рәсімдеген. Кейінірек ақшаны қайтарып алуға тырысқан ол алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген.
Ақмолалық полицейлер Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі “Алаяқтық” бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Күдіктілердің жеке басын анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.