Ұлттық статистика бюросындағылар қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының күніне орай ақынның есімімен аттас қазақстандықтар туралы статистиканы ұсынды.
Бүгінде елімізде Абай есімі қойылған 18 452 адам тұрады. Ақынмен аттас тұрғындар саны Түркістан облысында көп кездеседі – 2050 адам. Сондай-ақ ұлы ақынның есімі берілген адам саны Астанада көп – 1930 азамат. Алғашқы үштікті Абай есімді 1 588 адам тұратын Алматы облысы түйіндейді. Ойшыл есімі бар тұрғын саны Ұлытау өңірінде ең аз – 194 адам.
Ақынның туған өлкесінде (Абай обл) онымен аттас 238 адам тұрады.
Жас құрамын қарасақ, елімізде Абай есімді 17 жасқа дейінгі 4297 бала бар, ал 18 бен 44 жас аралығында – 8231 адам.
Айта кетейік, бүгін елімізде Абай күні атап өтілуде. Бұл айтулы күн Үкімет қаулысымен 2020 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығында белгіленген болатын.
Бұған дейін Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтағаны туралы жаздық.