Талдықорғанда 13 жасар өгей қызын зорлаған әке 20 жылға сотталды. 49 жастағы қаскөй оқушы қызды бірнеше жыл бойы зорлап келген. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Бұл сұмдық оқиғаны өткен жылдың қараша айында жәбірленуші қыздың мектеп мұғалімдері анықтаған. Әлеуметтік желілердегі парақшасында бала өгей әкесі тарапынан жасалған зорлық-зомбылық әрекеттерге байланысты суицид жасағысы келетіні туралы ақпарат жарияланған. Одан кейін мектепке шақырылған қыздың анасы мұғалімдермен сөйлесіп, полицияға ресми арызбен жүгінген. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 121-бабы 4-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдікті ұсталып, қамаққа алынды.
«49 жастағы ер адамның 2002 жылы Атырау облысында осындай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын түзеу мекемесінде өтегені анықталды. Күдіктінің аталған бап бойынша соттылығы туралы жұбайы білмеген. Тергеу барысында күдіктінің қызды бірнеше рет қорлағаны дәлелденді. Жыныстық зорлық-зомбылық баланың 8-9 жасынан басталғаны анықталды. Ер адам қылмыс жасағанын мойындады. Тергеу аяқталғаннан кейін іс материалдары айыптау қорытындысымен сотқа жіберілді, – деді Жетісу облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Руслан Чарапиев.
Педофил бойынша істі Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қараған. Ер адам сот үкімімен кінәлі деп танылған. Үкім заңды күшіне енді.