Шымкент тұрғыны гүл сататын ROMANTICA дүкені алдында дәрет сындырып, ондағы сатушыға дөрекілік көрсеткен. Бұл сәттің видеосын @egov.press Telegram-каналы жариялады. Ондағы мәліметке сенсек, бейнежазбадағы адам облыс прокурорының ұлы көрінеді.
Видеодан үш ер адамды көруге болады. Оның бірі дүкен алдында дәрет сындырады. Кейін олар ішке кіріп, әлгі ер кісі сатушыға боқтық сөзді қарша боратады. Онымен қоймай үстел үстіндегі қайшыны қолына алып, сатушыға тап бермек болады.
Полиция хабарлауынша, оқиға 8 тамызда болған. Ер кісі – Шымкент қаласының тұрғыны. Сот қаулысымен ол әкімшілік қамауға алыныпты.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде Тұран аудандық ПБ қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, полицияға жеткізді. Алайда сатушы ер адамның үстінен арыз жазудан бас тартты. Осыған қарамастан тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Аталған жайт бойынша жинақталған материалдар құқық бұзушыға қатысты шешім шығару үшін әкімшілік сотқа жолданды. Сот қаулысымен ер адам 7 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды” делінген ведомство мәліметінде.
Ал Түркістан облысының прокуратурасы видео кейіпкерінің прокуратура органына және ондағы қызметкерлерге ешқандай туыстық байланысы жоқ екенін мәлімдеді.