Таразда апатты жағдай орын алып, бірнеше үй жарықсыз қалды. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына келген мамандар, жарылысқа сұйық отынның қатысы жоқ деп отыр.
«2024 жылғы 22 маусымда сағат 21:50-де QazaqGaz Aimaq жедел-диспетчерлік қызметіне «Қарасу» шағын ауданында күшті жарылыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Зардап шеккендер жоқ. Жарылыс орнында газ құбыры өтпейді, бұл басқа себептерге байланысты болды, қазір анықталу үстінде», – деді QazaqGaz Aimaq.
Сондай-ақ, апатты жағдай тіркелген жерде, Тараз қаласының коммуналдық қызметтері жұмыс жасап, жарылыстың себебін анықтады.
“Инженерлік желілерді тексеру нәтижелері бойынша 22 маусым күні сағат 21.44-те «Рысбек» 110/6 кВ қосалқы станциясында 414 фидерінен шығатын №10 тарату пунктіне апаратын жерасты жоғары вольтты кабель тартылғаны анықталды. Тараз қаласының Самал ықшамауданы апатқа ұшырады,”- деп хабарлады Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде.